Біліктілік санатын беру туралы куәліктерді білім беру ұйымы береді

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы «Педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) қағидаларын бекіту туралы» № 192 бұйрығы күшіне енді.
Педагогтерге біліктілік санатын беру (растау) қағидалары “Педагог мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес әзірленді және педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін айқындайды.
Білім беру ұйымы жыл сайын 1 қыркүйекке дейін алдағы қаржы жылына біліктілік санаттарын берудің (растаудың) перспективалық жоспарын жасайды және бекітеді, ол қажеттілігіне қарай түзетіледі.
Білім беру ұйымы біліктілік санатын беру үшін педагогтердің тізімдік құрамын (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) аудандардың (қалалардың) білім бөлімдеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларына, республикалық ұйымдар – білім беру саласындағы уәкілетті органға (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органына ұсынады.
Тиісті деңгейдегі біліктілік санатын беру туралы бұйрық ағымдағы жылдың 15 шілдесінен және 25 желтоқсанынан кешіктірілмей шығарылады. Тиісті бұйрықтың негізінде білім беру ұйымы біліктілік беру туралы куәлік береді.
Біліктілік санатын беру туралы куәліктерді беруді Комиссиялардың шешімдері мен тиісті бұйрықтар негізінде білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
Педагогтерге біліктілік санатын беру туралы куәліктерді беру осы Қағиданың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша біліктілік санаттарын беру туралы куәліктерді тіркеу және беру журналында тіркеледі.
Кағиданың 38-тармағында бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық білімі бар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері бойынша біліктілікті арттыру (немесе қайта даярлау) курстары туралы құжат болған жағдайда біліктілік санаты берілетіндігін көрсеткен. Сонымен қатар, Қағиданың 39 – 43 –тамақтарында:
Психологиялық, диагностикалық (білім алушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін айқындау бөлігінде), түзету, әлеуметтік-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтерге дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес немесе біліктілікті арттыру немесе қайта даярлау курстарынан өтуді ескере отырып, “педагог-модератор”, “педагог-сарапшы”, “педагог-зерттеуші”, “педагог-мастер” біліктілік санаты беріледі.
“Көркем еңбек” пәні бойынша педагогтерге кезекті біліктілік санатын беруде “Технология”, “Бейнелеу өнері”, “Сызу” мамандықтары бойынша диплом, сондай-ақ бұрын берілген біліктілік санатын ескере отырып, кәсіптік оқыту негізге алынады.
Арнайы білім беру ұйымдарында немесе арнайы сыныптарда (топтарда) білім туралы дипломда көрсетілгеннен басқа мамандық бойынша қызмет жүргізген жағдайда кезекті біліктілік санатын беру біліктілікті арттыру курстары немесе қайта даярлау курстары туралы құжат негізінде атқаратын лауазымы бойынша жүргізіледі.
Арнайы білім беру ұйымдарында дипломда көрсетілген пәндерді оқытатын педагогтерге кезекті біліктілік санатын беру біліктілікті арттыру курстары немесе қайта даярлау курстары туралы құжат негізінде оқытатын пәндері бойынша жүргізіледі.
Инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептерде сабақ беретін педагогтерге кезекті біліктілік санаты дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес беріледі, бұл ретте портфолиода ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жүргізілген жұмыстар бойынша материалдар көрсетілетіндігі нақтыланған.
​Зейнеткерлік жастағы педагогтердің біліктілік санаты қалай төленетіні туралы сұрақтың нақты жауабы осы Қағиданың 26, 27-тармақтарында көрсетілген.
Біліктілік санатының қолданылу мерзімі өткен жағдайда жасына байланысты зейнетке дейін төрт жылдан аспайтын уақыт қалған педагогтерге біліктілік санатын кезекті беруден (растаудан) босату туралы өтінішіне (еркін нысан) сәйкес оларда бар біліктілік санаттары зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы бұйрықты білім беру ұйымының басшысы шығарады.